Бағдарламаның өзектілігі:
Жоба нәтижесінде әзірленген параллель ішкорпус мемлекеттік тілді оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруға, аударматану саласын дамытуға, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға қызмет етеді. Қазақ тілі ұлттық корпусының (ҚТҰК) жетілдірілген ауызша тіл, мәдени-репрезентативті мәтіндер және оқу ішкорпустары тіл саясатына қатысты мәселелерді шешуге; лингвистикалық зерттеулер санын ұлғайтуға, тілдік материалды өңдеу үдерісін айтарлықтай жеңілдетуге, цифрландыру үдерісін қазақ тілінде жүргізуге және лингвистикалық зерттеулердің дәйектілігі мен объективтілік дәрежесін көтеруге, мемлекеттік тілдің ғылыми-теориялық базасын нығайтуға септігін тигізеді; тілмен байланысты сала немесе салааралық зерттеулердің алғышартын әзірлеуге, қазақ этномәдени-тілдік қауымдастығы мен осы қауымдастық өкілдері және т.б. бұған дейін ғылыми нысанға алынбаған білім жүйелерін анықтауға жол ашады; қазақ тілінің ҚР-да мәдениетаралық қарым-қатынас тілі қызметін нығайтуға, республика көлемінде ғана емес, халықаралық мәдени деңгейдеимиджін арттыруға сеп болады.
Жоғарыда аталған мемлекеттік стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көрсетілген әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарын жүзеге асыру үшін зерттеу нәтижелерінің өзектілігі жоғары, себебі олар ҚР аумағында мемлекеттік және ұлттық тіл ретіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, сапасын арттыруға ғана емес, сонымен бірге оның Ұлыбританиядағы әлемдік мәртебесі биік Оксфорд университеті зияткерлік ортасында оқытылуына тілтанымдық база болатын корпустық ресурстарды әзірлеуге арналған. Аталған мәдени-әлеуметтік маңызды міндеттерді орындай отырып, жоба аясында қазақ тіл білімінде бұрын соңды жүргізілмеген теориялық және қолданбалы бағыттағы тың ізденістер жүзеге асырылып, жаңа теориялық және практикалық ғылыми нәтижелерге қол жеткізілмек.