Lingua - navitas
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

«Тіл – адамның адамдық
белгісінің зоры»

Бағдарламаның нәтижелері
Күтілетін нәтижелер
Қол жеткізілген нәтижелер
Практикалық маңыздылығы
Қолданысқа енгізу перспективалары
Күтілетін нәтижелер

- параллель ішкорпусына қажетті лингвистикалық материалдар сұрыпталады, жүйеленеді, өңделеді;
- Оксфорд университеті ағылшынтілдіинофондарына қазақ тілін оқытудың тілтанымдық базасы ретіндегі «Learner Corpus» оқу ішкорпусы жасалады;
- Оксфорд университеті ағылшынтілді инофондарына қазақ тілін оқытудың лингводидактикалық базасы ретіндегі қазақ-түрік-әзербайжан-өзбек-ұйғыр-ағылшын көптілді «Parallel corpus» субкорпусы жасалады;
- қазақ тілінің ауызша тіл мәтіндерінің ішкорпусы жетілдіріледі;
- қазақ тілінің лингвомәдени ішкорпусы жетілдіріледі;
- қазақ тілінің оқу ішкорпусы жетілдіріледі;
- қазақ тілінің оқу ішкорпусы негізінде қателер корпусының базасы әзірленеді;
- қазақ тілінің лексика-грамматикалық сөздігі әзірленеді;
- қазақ тіліндегі аналитикалық формалы етістіктер, қалып етістіктерін автоматты тану моделі әзірленеді;
- корпусты пайдалану бойынша жетілдірілген видеонұсқаулық әзірленеді.
- Web of Science деректер базасының Social Science Citation Index немесе Arts and Humanities Citation Index индекстелетін және (немесе) Scopus базасында Сitescore бойынша кемінде 25 (жиырма бес) процентилі бар рецензияланатын ғылыми басылымдарда 8 мақала және (немесе) шолу, ҒЖБССҚК ұсынған журналдарда 10 мақала жарияланады;
- Қазақстан Республикасының Ұлттық зияткерлік меншік институтында тіркелген 3 (үш) зияткерлік меншік объектісі алынады;
- шетелдік немесе халықаралық Derwent Innovations Index (Web of Science, Clarivate Analytics) дерекқорына енгізілген 1 патент алынады;
- Қазақ тілі ұлттық корпусының 2 жаңа ішкорпусы, 3 жетілдірілген ішкорпусы, 1 видеонұсқаулық әзірленеді;
- 2 ғылыми конференция, 3 дөңгелек үстел, 9 ғылыми-өндірістік семинар өткізіледі, БАҚ-та 3 мақала немесе сұхбат жарияланады.
Жоба нәтижелері ҚР ғылымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы; Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы; ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 727 қаулысымен бекітілген «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы; ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласы; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы І (2022 жылғы 16 маусым), ІІ (2023 жылғы 17 маусым) және ІІІ Ұлттық құрылтайлардағы (2024 жылғы 15 наурыз) Мемлекет басшысының баяндамасында, сондай-ақ Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің 2023 жылғы 12 сәуіріндегі, 2024 жылғы 12 сәуіріндегі отырыстарында ҚР Президентінің сөйлеген сөздерінде берген тапсырмаларын, мемлекеттік тіл туралы тұжырымдарын, мемлекеттік тілге қатысты барлық жобалар мен шағын бағдарламаларды жүзеге асыруға, оларға лингвистикалық қолдау көрсетуге бағытталатынымен өзекті болып табылады.
Қол жеткізілген нәтижелер

ЖТН BR24993244 «Қазақ тілі ұлттық корпусын Smart-мәтіндер мегажобасы және қазақтілді жасанды интеллект негізі ретінде жетілдіру, ішкорпустарын әзірлеу» жобасының күнтізбелік жоспары бойынша 2024 жылға қойылған міндеттер толық орындалып, зерттеудің бастапқы кезеңінде келесі тұжырымдар мен нәтижелерге қол жеткізілді.
«Learner Corpus» оқу ішкорпусының мәтіндік базасын жинақтау және А1, А2 деңгейлері бойынша лексика-грамматикалық білімдер жүйесін жасақтау бойынша А1 және А2 деңгейлеріне арналған мәтіндердің лингвистикалық, әдістемелік және техникалық талаптары анықталып, нәтижесінде 200 мәтіннен тұратын база қалыптасты. Алынған нәтижелер қазақ тілін оқыту саласының әлеуетін арттырып қана қоймай, оның жаһандық деңгейде таралуына және танымалдығына ықпал етеді.
Шеттілді инофондарға қазақ тілін оқытудың лингводидактикалық базасына қажетті материалдарды жинақтау бойынша қазақ тілін үйренудің бастапқы деңгейіне арналған оқу материалдарын жүйелеу нәтижесінде 369 мәтіннен тұратын кешенді база қалыптастырылды. Бұл мәтіндер оқулықтардан жиналып, лингвистикалық және метабелгіленімдер арқылы жүйеленіп берілді. Жоба нәтижелері шетелдік аудитория үшін қазақ тілін оқытуға арналған сапалы материалдарды әзірлеуге мүмкіндік берді. А1 деңгейіне сай мәтіндер анықталып, олардың мазмұны лексикалық және грамматикалық минимумдарға сәйкестендірілді. Бұл материалдар шетелдік оқушылардың танымдық қызығушылығын оятуға және тілдік дағдыларын қалыптастыруға бағытталды. Оқулықтарға ұсыныстар әзірленді. Әр мәтін бойынша жасалған ескертпелер мен ұсыныстар болашақта әдістемелік құралдарды жетілдіруде пайдаланылатын құнды материалға айналды.
Әлемдік көптілді «parallel corpus»-ты зерттеу, танысу, теориялық еңбектерді оқу және Қазақ-түрік-әзербайжан-өзбек-ұйғыр тілдеріндегі теңестірілген мәтіндердің базасын жинақтау, жүйелеу, метабелгіленімнің құрылымын әзірлеу міндеттерін жүзеге асыруда қазақ-ағылшын-түрік-өзбек-әзербайжан-ұйғыр тілдерінде жарияланған мәтіндер жиналды. Олардың ішінде әлемге тарайтын ақпараттық (СNN, ВВС, BCC т.б) хабарлардың, Нобель сыйлығын алған шығармалардың, проза жанрындағы (әңгіме, ертегі, аңыз т.б.) шағын мәтіндердің және ғылыми, публицистикалық мәтіндердің қазақ-ағылшын-түрік-өзбек-әзербайжан-ұйғыр тілдеріндегі аудармалары WORD нұсқада жиналып, Exel нұсқада абзацтармен теңестірілді. Барлық аудармаларға метабелгіленім жасалды.
А1, А2 деңгейінде қазақ тілін үйренушілер үшін ағылшынтілді инофондарға арналған А1, А2 деңгейінің лексика-грамматикалық минимумы (https://tilqural.kz/assets/books/.pdf, https://tilmedia.kz/js.pdf) және лексикалық тақырыптар сарапталды. Қазіргі Қазақстандағы қазақ тілін үйренушілерге арналған айтылым, сөйлесім дағдысы бойынша ауызша диалогтар, ауызша сөздерге сыни көзқараспен қарай отырып, бейнефильм жасау қолға алынды. Ол үшін сәлемдесу, танысу, мамандық, мекенжай, азық-түлік, денсаулық, бос уақыт, хобби, ауа райы, мерекелер, ұлттық құндылықтар тақырыптарына А1 деңгейіне 10 сценарий, А2 деңгейіне 10 сценарий жазылды. Сценарийдің орфографиясы жазылып, орфоэпиясы да қойылғаннан кейін 10 бейнефильм түсірілді. Сондай-ақ осы деңгейге қазақ тілін үйретуде қолдануға болатын қазақ кинематографиясынан таңдап алынған фильмдер мен мультфильмінен А1, А2 тілдік деңгейлеріне сай 2 минуттан аспайтын 40 үзінді қиылып алынып, орфографиясы, орфоэпиясы жазылды. 19 параметр бойынша метабелгіленім қойылды.
Жобаның ауқымды міндеттерінің бірі: этномәдени, ескі кітаби тілдік бірліктерінің және жарнама мәтіндерінің базасын жинақтау, олардың лингвистикалық, экстралингвистикалық белгіленімдерін жетілдіру болды. Мәдени-репрезентативті ішкорпус базасына ұлттық музыкалық аспап – 30 тілдік бірлік, ұлттық қолөнер – 50 тілдік бірлік, ұлттық салт-дәстүр – 70 тілдік бірлік, ұлттық ойын түрлері – 30 тілдік бірлік, өсімдік атаулары – 50 тілдік бірлік жиналды. Олардың лексикалық және мәдени-семантикалық мағынасы ашылды.
Ал «Тарихи-поэтикалық ішкорпус» базасына енген жыр-дастандар (батырлық және лиро-эпостық жырлар) бойынша 9 шығарма іріктелді; лингвистикалық белгіленім жасаудың параметрлерлері анықталды;лингвистикалық белгіленім жасалатын ескі кітаби лексикалық бірліктер нақтыланды, лингвистикалық белгіленім әзірлеуде ескі кітаби бірліктердің семантикасын ашуға басымдық берілді. Семантикалық белгіленім – лексикалық бірліктердің (сөздер, тіркестер) мәнмәтіндік мағыналарын ашуға бағытталған тілтанымдық ақпарат. Аталмыш ішкорпусқа енген тарихи жырлар бойынша 800тілдік бірліктің мағынасы ашылды; бейнероликке ескі кітаби лекскалық бірліктер іріктеліп, 20 шағын мәтін әзірленді.
Жарнаманың таралу аймағы бойынша БАҚ жарнамасынан «Қазақ» газетіндегі тарихи жарнама мәтіндері, Интернет жарнамасынан Телеграм, Тикток желілеріндегі заманауи жарнама мәтіндері қамтылды. Бұдан басқа жарнама түрлері де жаңа мәтіндермен толықтырылды. Жарнама мәтіндерінің метабелгіленімдері корпус базасынан алынған фильтр арқылы редакцияланып, жарнаманың біріздендіріліген макро және микро тақырыптары да қойылды.
Ал жазба жұмыстар арқылы орфографиялық қателер, босаң, қатаң нормалар, жиі кездесетін қателерді анықтауда В1 деңгейінде қазақша сөйлейтін балаларға арналған мәтіндік база жасалды. Мәтіндік база балаларға арналған танымдық энциклопедиялармен толықтырылып отыр. Сондай-ақ балаларға арналған шетел әдебиеттерінен аударылған тілі қарапайым мәтіндер жинақталып, метабелгіленімдері енгізілді. А1, А2 деңгейіне сәйкес қазақ тілді балдырғандарға арналған мәтіндер жинақталып, техникалық түзету жасалды. Жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің қазақ тілін меңгертуге арналған дейгейлік бейімделген мәтіндер жинақталып, метабелгіленімдері енгізілді.
Қате корпусын жасау бойынша есептік кезеңде 2024 жылы студенттердің диктант жұмыстары тексеріліп, Қате ішкорпусының базасына жинақталып, диктант авторларының және диктант алынған уақыты, орны, диктант стилі, атауы т.б. ақпараттармен метабелгіленімдер енгізілді. Әлеуметтік желілерден де қате кездесетін посттар жинақталып, олар да Қате корпусына енгізу үшін метабелгіленімдері жасалып жатыр. Метабелгіленімдер жазба жұмыстарының дереккөзі туралы ақпарат берсе, қателер аннотациясында (дұрыс нұсқа, норма ережесі т.б.) қате нұсқаның дұрыс нормасы емле ережелері арқылы негізделеді.
Инофондарға арналған «Қазақ тілінің лексика-грамматикалық сөздігіне» этномәдени ерекшелігі бар, ұлттық колоритті танытатын 300-ден астам лексемалар жиналды. Жиналған лексемалар 10 тақырыптық топқа біріктіріліп, сұрыпталды. Анықталған тақырыптық топтар өз ішінен атқаратын қызметі мен қолданысына қарай кемінде 3 микротопқа бөлінді. Барлығы 30 микротоп қамтылды. Сөздікке енген әр лексеманың лингвомәдени сипаттамасы жазылып, ағылшын тіліне аударылды. Тілдік бірліктің этномәдени мазмұны тіл үйренушіге түсінікті болу үшін сол лексема қатысқан мақал-мәтелдер, сол лексеманың картинасын көз алдына визуалды түрде елестету мақсатында суреті де қоса берілді. Зерттеу барысында қазақ тіліндегі күрделі етістіктерді автоматтандырудың бір жолы ретінде қалып етістіктерінің тіркесімділік қасиеті толық анықталды. Негізгі етістік ретінде лексикалық мағыналары шақтық, қалыптық сипатына қарай топтастырылды, сонымен қатар көмекші етістік ретінде жетекші етістікпен тіркесіп, семантикалық реңктері анықталды. Жалпы саны 120 тіркес жиналды. Қалып етістіктерін автоматтандыру моделі 9 белгі-код арқылы жасақталды.
Ал 2025 жылы А1, А2 деңгейлеріне арналған лексика-грамматикалық минимумға сай 300 мәтін жазылып, мәтіндер ағылшын тілінеайдарылып, сайтқа жүктелді. Мәтін жазуға тақырып орындаушыларымен қатар өзге де журналист, жазушы, шығармашыл тұлғалар ақылы түрде тартылды. Алты тілді параллель корпусқа барлығы 255 159 сөзқолданыстан тұратын мәтіндер алты тілде (қазақ, түрік, әзербайжан, өзбек, ұйғыр, ағылшын) аударылып, абзац бойынша тураланып, ішкорпус базасына салуға даярланды.
Қазақ тілі ауызша ішкорпусына ауызекі және жергілікті сөйлеу тілінен материал жинау күнделікті жұмыс түрі ретінде және елдің 5 өңіріне шыққан тілтанымдық экспедиция материалдары ретінде және республика бойынша өткізген сөз жинау байқауы аясында барлығы 177 сағатты құрайтын материал жиналды. Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылы мен Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсауат ауылына, Алматы облысы Кеген, Қарасаз, Нарынқол және Жамбыл ауылдарына, Павлодар облысы, Баянауыл ауданына, Ақмола өңіріне шыққан іссапар барысында қазақ тілінің дәстүрлі сөзсаптамын білетін, ауызша сөз машығына төселген 100-ге тарта жергілікті тұрғындардың айтқан әңгімелері жиналып, таспаға басылды. Іссапар барысында 66 сағат 48 минуттық ауызша сөз үлгілері жазылып алынды. Жиналған сұхбаттардың жазылған транскрибация көлемі – 527 мың 283 сөзқолданыс. Сұқбаттар Excel форматына салынып, метабелгіленімі әзірленді, корпус базасына салуға дайын. Ал сұхбаттардың сөйлеушінің орфоэпиясы мен норма орфоэпиясы бойынша 40 мың сөзқолданыс жазылды. Сөзқолданыс саны – 324 мың 810 сөзқолданысты құрайтын сұхбаттың просодикалық белгіленімі (норма және сөйлеуші орфоэпиясы бойынша) тексерілді, қателері түзетілді.
Тілдік бірліктердің мәдени мазмұнын айқындау барысында ұлттық болмыс пен дәстүрлі дүниетанымды бейнелейтін атаулардың семантикалық өрісі анықталып, олар жүйеленді. Әрбір этномәдени сөзге қатысты иллюстрациялық материалдар мен тілтанымдық бейнероликтер әзірленіп, ішкорпустың танымдық және көрнекілік деңгейі артты. Мәдени-репрезентативті ішкорпустың жаңартылған нұсқасы ұлттық құндылықтарды, тұрмыс-салт, наным-сенім және дәстүрлі өнер элементтерін жүйелі сипатта қамти отырып, қазақ тілінің мәдени кеңістігін сандық форматта сақтауға мүмкіндік береді.
Халық ауыз әдебиеті үлгілері мәтіндеріндегі ескі кітаби бірліктердің семантикалық белгіленімін әзірлеуде XV-XIX ғғ. халық ауыз әдебиеті үлгілерінен алынған 35шығарма іріктеліп, мәтін контексіне сәйкес 1200 ескі кітаби сөздің тарихи семантикасы ашылды. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде Қазақ тілінің ұлттық корпусы құрамындағы Жарнама мәтіндер ішкорпусы мазмұндық және құрылымдық тұрғыдан айтарлықтай жетілдірілді. Корпус базасы түрлі арналардағы (көше, көлік, сауда орындары, БАҚ, интернет) жарнама мәтіндерімен толықтырылып, олардың сандық және сапалық теңгерімділігі қамтамасыз етілді. Барлық мәтіндер түпнұсқалық орфографиясы мен пунктуациясы сақталған күйде өңделді. Жарнама мәтіндерінің тақырыптық параметрлер бойынша метабелгіленімін экстралингвистикалық тұрғыда біріздендіру нәтижесінде 28 макротоп пен 200 микротопқа бөлініп, олардың мазмұндық және прагматикалық құрылымы жүйеленді. Жалпы алғанда, жарнама мәтіндерінің ішкорпусы жарнама тілін лингвопрагматикалық және әлеуметтік тілтанымдық тұрғыдан кешенді зерттеуге арналған сенімді ғылыми платформа ретінде қалыптасты.
Жазба жұмыстарды талдау нәтижесінде грамматикалық қателердің ең жиі кездесетін түрлері – сөзжасамдық, морфологиялық және синтаксистік деңгейлерде анықталды. Бұл қателер тілдік жүйенің ішкі заңдылықтарын сақтамаудан, қосымшалардың тұлғалық және мағыналық ерекшеліктерін дұрыс меңгермеуден, сөйлемдегі сөздердің грамматикалық байланысын бұзудан туындайды. Жинақталған база бойынша жазармандарда келесі типтік грамматикалық ауытқулар жиі байқалды: қосымшаларды дұрыс пайдаланбау, сөйлемдегі сөздердің жақтық жағынан байланыспауы, шақ пен рай формаларының сәйкессіздігі, грамматикалық тұлғалардың орынсыз қолданылуы, күрделі сөздердің дұрыс жазылмауы және синтаксистік құрылымдардың бұзылуы. Жазба жұмыстарын тексеру барысында ең көп кездесетін стильдік қателердің мынадай себептері анықталды:
1.       Жазармандардың (әсіресе, мектеп оқушылары мен студенттердің) қазақ тілінің функционалдық стильдерін дұрыс ажыра алмауы, әр стильдің тек өзіне ғана тән ерекшеліктері мен тілдік бірліктерін білмеу немесе жазу барысында пайдалана алмау;
2.       Қазақ тілінің өзіндік табиғи құрылымын, табиғи ерекшеліктерін сезінбеу, сөздік қордың тапшылығы. Бұл себеп, әсіресе, «Наурыз мерекесі» секілді қате тіркестердің көптеп кездесуіне әкеліп отыр;
3.       Тавтология да стилистикалық қателердің ішінде жиі кездесетін қате түрлерінің бірі болып табылады. Біздің пікірімізше, тавтологияның жиі кездесуіне екі себеп бар. Оның біріншісі - мектеп оқушылары мен студенттердің кітап оқымауы себепті сөзді қорларының өте жұтаң болуы болса, екіншісі - жазылған мәтінді қайта бір тексеріп оқып шығу дағдысының жетіспеушілігі. Себебі мәтінді екінші рет оқыған кезде жазарман бір сөздің бірнеше рет пайдаланып тұрғанын байқаған болар еді;
4.       Жазба жұмыстары арасында ең жиі кездескен стилистикалық қателердің бірі - «Менің ойымша…деп ойлаймын» құрылымы. Демек, жазармандар «менің ойымша» мен «деп ойлаймын» деген тіркестердің бір мағына беріп, бірі екіншісін қайталап тұрғанын білмейді.
Осы себептерді негізге ала отырып, стилистикалық қателер базасын құрастыру жазба мәтіндердегі нормадан ауытқу үрдісін нақтылауға, тілдік бірліктердің қолданыс аясын анықтауға және стильдік үйлесімділікті сақтаудың ғылыми-тәжірибелік негізін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап кеткіміз келеді. Қателер ішкорпусына жинақталған стилистикалық қателер базасы жазарман деңгейінің жалпы картинасын көрсетеді, көңіл бөлуге тұрарлық тұстарға назар аудартады.
Жазба тілдің негізгі белгілерінің бірі – пунктуация. Қазіргі қазақ жазу практикасында тыныс белгілерін дұрыс қоймау мен тастап кету фактілері жиі кездесетіні байқалды. Талдау нәтижесінде әсіресе үтір ( , ) мен сызықша ( – ) белгілеріне қатысты нормалардың жиі бұзылатыны анықталды. Бұл қателер жазба тілдің грамматикалық құрылымына, мағыналық жіктелісіне және интонациялық нақышына әсер етіп, сөйлемнің логикалық тұтастығын бұзады.
Зерттеу нәтижесінде тіл үйренушіге арналған «Қазақ тілінің лексика-грамматикалық сөздігіне» енгізілетін грамматикалық минимум іріктеліп, жүйеленді. Қазақ тіліндегі 9 сөз табының (зат есім, есімдік, етістік, сын есім, сан есім, үстеу, модаль сөздер, шылау, одағай) грамматикалық мағынасы, сөйлем ішіндегі тіркесу үлгілері, коммуникативтік және когнитивтік қызметі сараланып, ағылшын тілімен салыстырмалы талдау жүргізілді. Қазақ тіліндегі бірқатар грамматикалық бірліктердің ағылшын тілінде тікелей баламасының болмауы, олардың мәдени-танымдық жүктемесінің жоғары болуы тіл үйренушілерге қазақ тілін құрылымдық қана емес, концептуалдық деңгейде де меңгеруді талап ететінін көрсетті.
Жүргізілген зерттеу нәтижесінде қазақ тіліндегі аналитикалық форманттардың құрылымдық-мазмұндық ерекшеліктері анықталып, олардың морфологиялық және грамматикалық сипаттары белгіленді. 80-нен астам инварианттың 372 үлгісі жинақталып, олардың 261-і арнайы белгіленімдер арқылы кодталып, автоматты тануға бейімделген модельдер жасалды.
Зерттеу тақырыбы бойынша биыл 5 ғылыми-өндірістік семинар, 1 дөңгелек үстел өткізілді. ҒЖБССҚК ұсынған журналдарда – 9 мақала жарияланды.


Практикалық маңыздылығы

Жоба нәтижелерінің әлеуетті тұтынушылары: қазақ тілі пәнінің (балабақша, мектеп, ЖОО, ересектер курсы) мұғалімдері, филолог, лингвист мамандар даярлайтын факультет мамандары мен тыңдаушылары, баспасөз (газет, журнал, сайт, портал, мерзімді және электронды БАҚ) саласы мамандары, редакторлар мен корректорлар, тіл саясаты саласы мамандары, IT-мамандар, аудармашылар, қазақтілді пән мұғалімдері мен оқытушылары, орта және жоғары мектеп оқушылары, магистранттар мен докторанттар, мемлекеттік қызметкерлер, қазақ тілінде қызмет көрсететін органдар мен ұйымдар, дипломатия саласы мамандары, қазақ тілін ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде тұтынатын қалың жұртшылық болмақ.

Қолданысқа енгізу перспективалары

Жоба нәтижесінде әзірленген параллель ішкорпус мемлекеттік тілді оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруға, аударматану саласын дамытуға, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға қызмет етеді. Қазақ тілі ұлттық корпусының (ҚТҰК) жетілдірілген ауызша тіл, мәдени-репрезентативті мәтіндер және оқу ішкорпустары тіл саясатына қатысты мәселелерді шешуге; лингвистикалық зерттеулер санын ұлғайтуға, тілдік материалды өңдеу үдерісін айтарлықтай жеңілдетуге, цифрландыру үдерісін қазақ тілінде жүргізуге және лингвистикалық зерттеулердің дәйектілігі мен объективтілік дәрежесін көтеруге, мемлекеттік тілдің ғылыми-теориялық базасын нығайтуға септігін тигізеді; тілмен байланысты сала немесе салааралық зерттеулердің алғышартын әзірлеуге, қазақ этномәдени-тілдік қауымдастығы мен осы қауымдастық өкілдері және т.б. бұған дейін ғылыми нысанға алынбаған білім жүйелерін анықтауға жол ашады; қазақ тілінің ҚР-да мәдениетаралық қарым-қатынас тілі қызметін нығайтуға, республика көлемінде ғана емес, халықаралық мәдени деңгейде имиджін арттыруға сеп болады.
Жоғарыда аталған мемлекеттік стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көрсетілген әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарын жүзеге асыру үшін зерттеу нәтижелерінің өзектілігі жоғары, себебі олар ҚР аумағында мемлекеттік және ұлттық тіл ретіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, сапасын арттыруға ғана емес, сонымен бірге оның Ұлыбританиядағы әлемдік мәртебесі биік Оксфорд университеті зияткерлік ортасында оқытылуына тілтанымдық база болатын корпустық ресурстарды әзірлеуге арналған. Аталған мәдени-әлеуметтік маңызды міндеттерді орындай отырып, жоба аясында қазақ тіл білімінде бұрын соңды жүргізілмеген теориялық және қолданбалы бағыттағы тың ізденістер жүзеге асырылып, жаңа теориялық және практикалық ғылыми нәтижелерге қол жеткізілмек.
Made on
Tilda